Суббота, 18.05.2024, 18:41
Приветствую Вас Гость | RSS

Елеуов Айдос

Мәзір
Категория
Шығын-чат
200
Біздің сұрақ
Менің сайтыма баға беріңіз
Всего ответов: 12
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Керекті мәліметтер

Главная » Файлы » Біздің файлдар

Ұлыстың ұлы күні "Наурыз"
08.12.2013, 09:39

                                                                                                     Наурыз

Наурыз – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз. 22 наурыз күнін «Жаңа күн» деп атаудың мәнісі неде? Оның мәнісі мынау: 21‑нен 22‑не қараған наурыз күні күн мен түн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Сондықтан 22 наурыз жаз айы болып табылады. Жаз болса, дүние жаңаланады: ағаш бүршік атып, жердегі шөптер қылтиып, малдар төлдейді. Жылдың төрт тоқсанының ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз. Сол тоқсанның басы  22 наурыз болғандықтан бұл күн « Наурыз» яғни «жаңа күн» деп аталады.

                                                                                         Наурыз сөздігі:

Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме‑дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар. Осы гуілді наурыздың 22‑сіне дейінге үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз: «Әз болмай, мәз болмайды», деген тәсіл қалдырған. Сол үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде өсімдікәлемінен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады‑мыс.

Наурыз – парсы тілінде бір ғана күн аты, жаңа жылдың бірінші күні – жаңа күн. Қазақ халқында қалыптасқан түсінік бойынша, осы мағыналармен қоса, жаңа жылдың алғашқы айының атын да толық қамтиды.

Наурыз бата – наурызға арналып сойылған малдың басы мен жамбасына, ескі жылдың дәмі – сүрленген қазы‑қарта, жал‑жая…берілетін арнаулы бата.

Наурыз жыры – қазақ халқының жаңа жыл, Наурызға арнап айтатын тұрмыс‑салт жырының бір түрі.

Наурыз көже – келер жылы молшылықтың жоралғысы ретінде әр шаңырақ міндетті түрде жасайтын арнаулы тағам. Оған кем дегенде, жеті түрлі (бидай, тары, қонақ, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты) азықтық заттар қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, тағам түрін көбейте беруге болады. Құрт пен қатықтың қай‑қайсысы да сүттің орнын толықтырады. Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже» деп те атай береді.  

Наурыз мейрамы (наурыз тойы) – күн мен түннің тенелетін күні 22 наурызды атап өтетін ұлы мереке. Ұлттық дәстүр‑салтымыз бен ойын‑сауығымыздың бәрі де тегіс қамтылатын жыр‑думан.

Наурыз жұмбақ – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат құбылысына, бұл айдағы амалдар мен ауа райының өзерісіне байланысты айтылатын жұмбақ өлең.

Наурыз тілек – наурыз күнгі бет көрісіп, амандасу рәсімімен құттықтау негізінде тақпақпен айтылатын қуанышты тілек.

Наурыз төл – наурыз айында туған бота, құлын, бұзау болса, наурыз төл деп аталады. Осы түлектерге тән төл басы.

Наурызша – наурыз қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар.

Наурыз шешек – наурыз айында гүлдейтін көп жылдық өсімдік. Әсемдік үшін қолдан өсіруге болады.

Отамалы – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Бұл амалдың жақсылық пен жамандыққа бағынуына қарай халқымыздың: «Отамалы, от алғанша, керегенің басын шот алғанша», «отамалы, отамлыдан қалған ата малы», ‑ деп берген мінездеме мәтелі бар.

Үт – саңылау, тесіктен үйге түскен күн сәулесінің тозаңдануын – қазақ үт кірді деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген қазақ мәтелінде күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мән бар.

 

                                                                             Қазақ елі наурызды қалай қарсы алған?

Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру‑сырқаудан, пәле‑жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады». «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын‑тасқын, жауын‑шашын көп болсын» деп қызыр түні ыдыс атаулыны ырысқа, (бидай, тары, сұлы, арпа, жүгері т.б.) аққа (сүт, айран, шұбат, уыз т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырады.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың  21‑і түні даланы  Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял‑ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезе жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе тасты ерітіп жібереді екен.

Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат алтыда себезгілеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат үшке  тұспа‑тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22сі күні таңғы сағат үште қарсы алады.

Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады.

Алдымен ауыл жастары бір асау тайыншаға ашамай ерттеп, үстіне жандықуыршақ мінгізіп, мойнына қоңырау іліп, төбесіне бір шоқ құстың қауырсынын (қарқара) тағып дайындайды. Олар түнгі сағат үште қорадағы малды үркітіп, иттерді шулатып, елді ұйқыдан оятып, тайыншаның басын бос жібереді. Бұл тайынша мінген жандықуыршақ жерімізге келе жатқан Жаңа жылдың бейнесі іспеттес. Ойын‑күлкісз, әзіл‑қалжынсыз мереке мереке ме?! Той кезінде Сал, Сері, Хан, Ханша, Батыр, Диуана немесе халық ертегілерінің түрлі кейіпкерлері бейнесінде киініп, бетпердесін (маскасын) тағынуға болады.

Ұлыс күні қазақ елі үшін қасиетті. Ол күні қар не жаңбыр жауса, нұр жауды, «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ үлпілдек болады да, «ақша қар» аталады. Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Ұлыс күні туылған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл т.б. аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.

Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт аппақ көйлек пен жаңа киімдерін, таза бір киерін үстеріне іледі.

Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір‑бірімен кездескенде:

Наурыз құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле‑жала жерге енсін! –

деп құттықтап ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады; ал әйелдер болса құшақтасады; ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.

Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көпкөже (наурыз көже) пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс‑жидектер) және қызылдан (еттен істелген)  жеті түрлі тағамдар қойылады. Қалыптасқан салт бойынша қойдың басын ауыл ақсақалы мүжиді. Ал басқалары «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішеді. Жиналған жұрт: «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақытысымен көрсетсін!» деп тарқасады. Әдетте Наурыз түнгі қасиетті дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға, қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақталады.

Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз‑келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні халық ішіндегі жас ерекшелігіне қарай қалыптасқан дәстүрлі ілтипат ізеттер жұмсарады. Тіптен келін қайын атасымен, күйеу бала қайын енсімен қалжындасуына болады. Наурыз күні бұндай іс сөлекет көрінеді.

Қараңғы түсе екі жерге екі үлкен то жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ‑топ болып осы екі от ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады, «алас алас пәледен қалас!» деп хормен өлең айтып,  айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді. Алтыбақан басында жастар түнімен түрлі халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, таңды қарсы алады. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп, үйлеріне тарасады.

Категория: Біздің файлдар | Добавил: ADeE
Просмотров: 1663 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 2.0/1
Всего комментариев: 1
1 ADeE  
0
Жақсы

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Кіру түрі
Іздеу

9a.ucoz.ru